Comic Con Astana 70 мыңға тарта қонақты қабылдайды деп күтілуде

Елодада халықаралық комикстер мен кинематография байқауы 70 мыңға тарта қонақты қабылдайды деп күтілуде. Жалпы Comic Con Astana фестивалінің  жүз елу қатысушының жартысына жуығын шет елдік өкілдер құрамақ. Туризмнің әлеуетін де еселеуге бағытталған дәстүрлі шара ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Мәселен аталмыш байқау 2019 жылы 50 мыңнан астам гик-мәдениетін сүйерлердің басын қосқан болатын. Сонымен қатар оның көрермендерінің жас аралығы да ұлғая түскен. Бүгінде Comic Con жасөспірімдермен бірге аға буын өкілдерін көбірек тартады. Мәдени шара еліміздің бас шаһарында қыркүйектің 15-17 аралығында өтеді. Фестивальдің басты қонақтары, яғни хедлайнерлері әлемдік деңгейдегі актерлер, «Галактика сақшылары» жұлдыздары - Шон Ганн мен Майкл Рукер.

 

Жәмиля Хангелдина, Comic Con Astana PR-директоры:

- Іс-шараның осындай ауқымын ұйымдастыру Қазақстандағы креативті индустрияның дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Жастарымыз бұндай ірі шараға қатысу арқылы өздерін шабыттандырып, шыңдала  түседі. Тың жобаларын өзге алаңдарда ұсынып, мүмкіндіктерін барынша танытуға тырысады. Яғни, дарындарын ашуға үлкен сеп болады. Біздің жоба аяқталған соң қазақстандық қатысушылар үшін төл жұмыстарын халықаралық студияларда паш етуге жол ашылады. Осылайша жақын арада отандық киноөндірістің жаңа туындылары көбейеді деп сенеміз.