Депутаттар мониторингтік топтарды жоюды талап етті
Мәжілісмендер мониторинг топтарын жоюды талап етті. Атап айтқанда, Дәния Еспаева Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына ресми сауал жолдап, мониторингтік топтар қызметінің құқықтық емес және сыбайлас жемқорлық сипаты мен олар салатын айыппұлдарды атап өтті.
Сонымен қатар Дәния Еспаеваның пікірінше, санитарлық дәрігерлердің көптеген шектеуі азаматтар арасында сұрақтар туындатады. Оның айтуынша, көбіне әр аймақта енгізілетін тыйымдар ақылға қонымсыз және «жасыл», «сары», «қызыл» аймақтарға сәйкес келе бермейді.
Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, тамақтану орындары мен дүкендердің жұмыс уақытына шектеулер бір жерде 20:00-ге дейін, екінші жерде 23:00-00:00-ге дейін енгізіледі. Көбіне «қызыл» аймақтардағы кейбір нысандар «жасыл» аймақтарға қарағанда ұзақ жұмыс істейді. Неліктен санитарлық дәрігерлер толып тұратын қоғамдық көліктерге қарағанда кафеде жұқтыру қаупі көп екеніне немесе вирус тек кешкі 22:00-нан кейін кенеттен оянып, белсенді жүретініне сенімді? Мұндай шешімдер бір жылдан астам уақыт бойы қандай статистикалық, ғылыми дәлелдерге негізделген? Ақыл-ой тұрғысынан алып қарасақ, олардың жұмыс уақытына қарағанда жабық орындардың толтырылуын шектеу әлдеқайда маңызды. Кейбір заттарға тыйым салудан және өтіп жатқан кей мерекелерге көз жұмудан гөрі қашықтықты сақтауды талап ету әлдеқайда тиімді.
Депутат тыйымдардан бас тартып, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, бизнесті ақылға қонымды реттеуге көшуді ұсынды.
Авторы: Гүлбану Тәжібек