«Дүние дидарындағы Димаш» көрмесі ашылды

Ұлттық музейде «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесі ашылды. Бұл Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған. Салтанатты шараға әлемнің 50-ден аса елінен келген көрермендер қатысты. Олардың қатарында Қытай, АҚШ, Канада, Ресей және басқа мемлекет өкілдері бар. Көрменің мақсаты –  көрермендерге Димаш Құдайбергеннің өмірі мен өнеріндегі маңызды сәттерді көрсету. Оның ұлттық және халықаралық деңгейде қол жеткізген жетістіктері ұсынылған. Мұнда әртістің жеке заттары мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесін айқындайтын экспонаттар тұр. Сонымен қатар, көрмеде «Шабыт көздері, «Даңққа апарар жол», «Жанкүйерлер махаббаты» және «Ұлт мәдениетінің жаршысы» атты тақырыптық бөлімдер ашылған. Яғни, өнер саңлағының балалық шағы, өскен ортасынан бастап, кәсіби білім жолы, әрі қарай әлемдік кеңістікте танылуына байланысты суреттер бар.