ЕҚДБ Қазақстанға қаржы бөлуі рекордтық деңгейге жетті

Осылайша, Қазақстан қаржы институты үшін ең тиімді жұмыс істейтін мемлекеттердің үздік үштігіне енді. Бұл орайда айта кетерлік жайт, банктің жыл сайынғы жаңа инвестициялары 525 миллион долларды құрады. Бұл сома елімізде 14 жобаны жүзеге асыруға жұмсалды. Дені яғни, шамамен 60%-тен астамы «Жасыл» технологияларды дамытуды көздейді. Халықаралық банк бұған қоса, өзге инвесторлардан 260 миллион долларға жуық қаржы тартып, елдің нақты секторына жалпы көлемі 785 миллион доллар бағыттады. Сонымен қатар қаржы институты былтыр Қазақстанға бағдарланған жаңа стратегиясын бекітті. 5 жылға жоспарланған құжат еліміздің көміртегі бейтараптығына көшуі, жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, көлік байланыстарын жақсарту және экономикалық басқаруды нығайту мәселелерін қамтиды. Еске сала кетейін, банк бүгінге дейін ел аумағында 300-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 10,7 млрд доллардан астам инвестиция құйды.