COVID-19: Қарағанды мен Қызылорда облыстарында карантин күшейтіледі

Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Күн сайын аймақта мыңға жуық COVID-19 дерегі анықталуда. Өңірде соңғы 2 аптада коронавирусқа шалдыққандар саны 2 есе өскен. Осыған байланысты бас санитарлық дәрігер карантинді күшейту туралы жаңа қаулы қабылдады. Шектеу шаралыр 29 шілдеде күшіне енеді.

«Сауда орталықтары, сұлулық салондары, шаштараз, фитнес-орталық пен басқа да спорттық кешендер сағат 09:00-17:00 дейін жұмыс істейді. «Ashyq» қосымшасы қолданылатын тамақтану орындары осы уақыт аралығында келушілерді қабылдай алады. Ал жүйеге мүлдем тіркелмегендер тек, түске дейін қызмет көрсетеді. Демалыс күндері олардың жұмысы толық тоқтайды. Аймақта ауданаралық жолаушылар тасымалы да шектелген. Көпшілік шараларды өткізуге, әлі де болса рұқсат жоқ».

Қызылорда облысында да шектеу шаралары күшейтілуде. Соңғы тәулікте аймақтың 168 тұрғынында инфекция расталған. Оның 19-ы балалар. Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі облыс орталығында анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, қаладағы емдеу мекемелеріне түсетін ауыртпашылық артуда. Ауруханалардың жүктемесі қазір 90% құрайды. Науқастардың көпшілігінің жағдайы ауыр.

Ерлан Ұзақбаев, Қызылорда қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- «Ashyq»  жобасына қатысуына қарамастан объектілердің демалыс, яғни, сенбі және жексенбі күндерінде қызметіне тыйым салынсын деп бірнеше қызметті көрсеттік. Тоқтала кетсек, мына жерде қоғамдық жолаушы тасымалдаушы қызметіне тыйым салып отырмыз. Яғни сенбі, жексенбі күндері. Және осы демалыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері қызметіне тыйым салудамыз. Ал аптаның жұмыс күндері 5 күн тек уақытына шектеу шараларын ғана қойылды.