Елге бесінші репатриациялық рейс ұшып келді

Елге бесінші репатриациялық рейс ұшып келді

Украинадан эвакуацияланған жолаушылар мінген ұшақ Алматы әуежайына қонды. Әуе компаниясының мәліметінше, лайнер бортында 89 адам болған, оның 56-сы Қазақстан азаматы, 32-сі Украинаның және біреуі Польша азаматы.

Татьяна Митус, жолаушы:

- Украина жерінде айналма жолдармен жүріп, шекараға әрең жеттік. Зымырандар жарылғаны өте қорқынышты. Бүгін қызымнан хабарлама келді, біз шыққан ауданды талқандапты. Осы рейске үлгергеніміз қандай жақсы болған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке рақмет.

Николай Акижанов, жолаушы:

- Мені және жұбайымды қонақүйге орналастырып, тамақтандырды. Келесі күні Польшаға келіп, онда үш күн тұрақтадық. Елшіліктегі қазақ бауырларға алғысым шексіз. Мен өзім қазақпын, осы жерде өмірге келдім.

Украинадағы Қазақстан елшілігінің ресми мәліметі бойынша Мариупольде 18 қазақстандық бар. Сонымен қатар үш отандасымыз Харьков қаласындағы эвакуациялау пунктінде, біреуі – Сумыда.

Жалпы эвакуация басталғаннан бері қазақстандық дипломаттар 800-ден астам отандасымыздың Украинадан шығуына қол ұшын берген. Оның 726-сы Польшаға, қалғаны Молдова, Румыния, Венгрия және Словакияға кеткен. Сондай-ақ елшіліктің көмегімен 57 қазақстандық жүк көлігінің 51-і Украинадан шығарылды. Қалған жүргізушілерге қажетті көмек көрсетілуде.