Елімізде «Франкофон көктемі-2022» мәдени маусымының ашылуы өтеді
Қазақстанда Франкофон киносы апталығының аясында француз тілінде 20-ға жуық үздік фильм көрсетіледі. Шара 2 сәуір мен 10 сәуір аралығында еліміздің 6 қаласында өтеді. Дәстүрлі «Франкофон көктемі-2022» мәдени маусымының ашылуы аясында ұйымдастырылатын кинофестивальден басқа, аталған қалаларда бір ай бойы концерттер, көрмелер, конференциялар, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер өтеді. Сондай-ақ Орталық Азияның бес елінде француз тілінен олимпиадалар ұйымдастырылады. Оған қатысу тегін.
«Франкофон көктемі-2022» фестиваліне бірнеше дипломатиялық өкіл қатысатынын айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ, Франция, Бельгия, Египет, Канада, Ливан, Марокко, Румыния және Швейцарияның елшіліктері.
Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Фестиваль Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларында өтеді. Өткен жылдардағыдай біздің мақсатымыз – француз тілі мен франкофон мәдениетінің алуантүрлілігін көрсету. Осы ретте қалың жұртшылық үшін қызықты алуантүрлі бағдарлама жасауға тырыстық. Біздің алға қойған үлкен мақсатымыз – Франкофонияның түрлілігін көрсету, өйткені қазір ол үлкен отбасыдан тұрады. Бүгінде әлемде 321 млн адам француз тілінде сөйлейді. Тілдің таралуы бойынша 5-ші орында. Бұл сан қазір өсе түсуде.