Еліміздің өңірлерінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі енгізіліп жатыр

Қазақстан өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы пайда болады. Бұл туралы еліміздің оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Үкіметтің қаулысына сәйкес балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тағайындайды. Олар баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.

«Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді іріктеудің негізгі критерийлері - үміткердің балалармен жұмыс істеу тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибесі немесе қоғамдық қызметі, сондай-ақ тағайындау кезінде балалардың құқықтарын қорғауда үміткердің қандай үлес қосқаны ескеріледі. Бұл балалардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибесі және өз ұстанымы бар ел құрметтейтін адамдар болуы тиіс», - деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Айта кетейік, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалып үлгерді.