Елорда әкімі қаланың дамуы жөнінде баяндады

2035 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны екі есе ұлғайып, 2 млн 400 мың адамға жетуі мүмкін. Мұндай өршіл болжамды арнайы брифинг барысында шаһар басшысы Алтай Көлгінов жасады. Елорда әкімінің айтуынша, халықтың күрт артуына орай бүгіннен бастап әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруді қолға алу керек. Бұл бағытта бас жоспарға түзетулер енгізіліп қойылған. Әр ауданда мектептер, балабақшалар, спорт нысандары мен саябақтар салынуы  тиіс.  Мәселен, Талдыкөл маңында биыл экоаллея қолданысқа берілмек. Күз айларында жасыл желектер егілетін болады. Қала жетекшісі жалпыға бірдей білім беретін ордалардың іргесін қалауға қатысты  жоспарымен бөлісті. Биыл жаңадан 20 мың оқушы орны құрылады. Жалпы, алдағы үш жылда 34 мектеп бой түзейді. Сондай-ақ, Алтай Көлгінов жауыр болған жеңіл рельсті көлік желісі жобасының құрылысына қатысты өз пікірін білдірді. 

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қ. Әкімі:

– Жоба сарапшылар, құрылысшылар, инженерлермен бірлесе әзірленіп, бәрі ескерілген. Бағандарға түсетін жүктеме, ауа райы, бәрі қаперге алынған. Ендігі мақсат – бұл бастаманы сапалы аяқтау.  Ондағы бетон бағандар өте сапалы құйылған. Әрқайсысы шамамен 200-220 тоннаны құрайды, олар арматураланған, темір-бетоннан құйылған. Бетон маркасы жоғары сапалы. Сапасын мамандар тексереді. Техникалық, авторлық қадағалау бар. Ол жерде бірнеше бақылау жүреді. Көп қаржы құүйылды. Сондықтан, бұл жобаны аяқтаудан басқа амал жоқ.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов