Елорда әуежайында еркін сауда аймағы құрылады

Елорданың әуе айлағында мультимодальды жүктерді тасымалдау орталығы, сондай-ақ, еркін сауда аймағын құру жоспарлануда. Онда 2035 жылы тұтас аэротролис салу көзделіп отыр. Онда Атланта, Нью-Йорк, Франкфурт, Амстердам және Сингапурдағы әуежайлар сияқты бүкіл инфрақұрылым мен экономика шоғырланатын болады. Бұл туралы елорданың халықаралық әуежайының өкілі Дәулет Хамзин мәлімдеді. Ол Қазақстанның бас қаласының әуе порты ТМД елдері мен Орталық Азия аймағындағы жетекші жолаушы және жүк әуе хабына айналуды мақсат етіп отырғанын атап өтті. 2025 жылға қарай оны үлкен көлік мүмкіндіктері бар көпфункционалды кәсіпорынға айналдыру жоспарлануда.

Дәулет Хамзин, «Н.Назарбаев» Халықаралық әуежайы АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Бірінші кезеңде жолаушылар тасымалы мен орындалатын рейстер саны бойынша біз әуежайды еліміздің басты қақпасына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Келесі кезекте біз мультимодальды транзиттік орталықты іске қосамыз және БАӘ әуежайларында арнайы экономикалық аймақтар үлгісінде еркін сауда аймағын құрамыз. 10-15 жылдан кейін әуежай аумағында арнайы қала пайда болады. Бұл жоба елордамызды дамытудың бас жоспарына енгізіледі.