Елордада «Алпамыс» ұлттық операсының премьерасы өтеді

Елордада «Алпамыс» ұлттық операсының премьерасы өтеді

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына ерекше тарту. Өнерсүйер қауымның құлағына алтын сырға! Араға 30 жыл салып «Алпамыс» сахнаға қайта оралды. Ұлттық эпосты композитор Еркеғали Рахмадиев 1974 жылы алғаш рет опера тілінде сөйлетті. «Астана Опера» ұжымы пысықтап жатқан нұсқасы бұрынғыдан өзгеше болмақ. Жаңа сипаттағы қойылым заманауи техникалық әдістермен түрленген. Ауқымды декорация, сахнаның әрленуі, аң-құстардың дауысы, орман, су сыбдыры сынды жанды табиғи құбылыстар көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Ол фэнтези стиліндегі шытырман оқиғалы сахналық көріністері бар толықметражды фильм түрінде ұсынылмақ. Премьераның ресейлік режиссер Юрий Александровтың көзқарасымен берілген мәнері басқа болғанымен, мазмұны бір. Сол баз-баяғы қалпында сақталған ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жастардың бойына ұлтжандылық қасиетін сіңіру.

Юрий Александров, қоюшы режиссер:

- Суретшілер мен маған қойылған басты талапкөрермен спектакльді фильм ретінде қабылдауы үшін, бір демде үзбей қою керек болды. Ол үшін дәстүрлі операны сәл ықшамдауға тура келді. Дегенмен негізгі ойы мен музыкасы толық сақталды. Көрерменнің назары сахнада болып жатқан оқиғадан бір сәтке де аумас үшін, барынша әсерлі етуге тырыстық.

Расул Жармағамбетов, Алпамыс батыр партиясын орындаушы:

- Бұл рөлге шамамен екі ай дайындалдым. Рөл жаныма жақын, себебі мен қазақтың қарадомалақ баласымын. Алпамыс – батыр. Әр қазақ баласының қанында генетикалық түрде батырдың қаны бар деген ойдамын. Алпамыс рөлін сомдаған кезде сол оймен дайындалдым.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов