Елордада «Георгий Свиридов: романстың жаны мен әні» вокалдық музыка кеші өтті
Классикалық әуен мен поэзияны шебер үндестіре білген сазгер. «Астана Опера» театрында «Георгий Свиридов: романстың жаны мен әні» вокалдық музыка кеші өтті. Орыс композиторы 20-шы ғасырдың саз әлеміне өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған. Бағдарлама Есенин, Пушкин, Лермонтов, Блок, Исаакянның өлеңдеріне жазған романстардан құрылды. Өнерсүйер қауым бұл шығармалар топтамасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері баритон Азамат Жылтыркөзов пен меццо-сопрано Гүлжанат Сапақованың орындауында тамашалады. Фортепиано партиясында – Долорес Үмбетәлиева.
Азамат Жылтыркөзов, «Астана Опера» театры опера труппасының директоры:
- Бұл композитордың шығармаларын орындау жаныма аса жақын. Себебі мен Георгий Свиридов атындағы камералық әншілердің шеберлігін сынауға арналған халықаралық байқауға қатысқан алғашқы қазақстандықтардың бірімін. Бұл байқау 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мен 2014 жылы өткен 5-ші халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алдым. Содан бері өзімнің концерттерімде шығармаларын үнемі орындаймын. Осы концерт толығымен Георгий Свиридовқа арналды.
Долорес Үмбетәлиева, «Астана Опера» театрының бас концертмейстері:
- Георгий Свиридовтың музыка тілі өте күрделі, орындалуы аса қиын. Көрермен шығарманың мән-маңызы мен көңілін түсіну үшін кәсіби түрде сауатты жеткізе білу керек. Ал бұл оңай емес. Бізде Георгий Свиридовтың шығармаларына толық концерт арнау өте сирек болып тұратын құбылыс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов