Ұлытауда рәміздер алаңы ашылды
Ата заң күні қарсаңында Ұлытаудағы Әулиетаудың баурайында «Рәміздер алаңы» ашылды. Алаңды ашудың маңыздылығын Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді.
Әулиетаудың етегінде ашылған алаңның жалпы аумағы үш гектар. Нысанның қақ ортасында биіктігі 22 метр болатын Мемлекеттік Ту орнатылған. Ал, тұғыртаста Елтаңба мен Әнұран бейнеленген. Бұдан өзге алаңда «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақ хандығы», «Түрік Қағанаты», «Алтын Орда» барельефті қабырғалары мен 99 рудың белгісі қашалған «Таңбалы тас» орнатылған.
Сағындық Қожамсейітов, қоғам қайраткері:
– Осы ескерткіш, осы алаң бізде жастарға болсын, үлкендерге болсын қазақ мемлекетінің қадірі мен атағын, биігін көруге жастарды патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор.
ҚР Конституция күні қарсаңында өткен мәдени шараға түрлі сала мамандары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың бірқатары Құрмет грамотасымен марапатталса, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Мағзұмбек Машайықұлы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды.

