Елордада «NOVAЯ» көрмесі ашылды

Елордада «NOVAЯ» көрмесі ашылды

«Жаңа Мен». Нұр-Сұлтан қаласында осындай атаумен қазақстандық жас суретшілер Самал Жарымбетова және Индира Шұғұбаеваның бірлескен алғашқы көрмесі ашылды. Әйелдер трансформациясы сынды жаһандық тақырып экспозицияның басты арқауына айналды. Қос қылқалам шебері бүгінгі зымыраған заманның қарбаласқа толы тіршілігі ішкі ойыңды қағаз бетіне түсіріп, көркем өнер арқылы қоғамға жеткізуге еш кедергі емес екенін айтады.

Индира Шұғұбаева, суретші:

- Өзімнің саналы ғұмырымды осы алғашқы көрмемді жасау үшін жұмсадым десем, артық айтпаспын. Ұзақ жылдар бойы тырнақтап жинаған еңбектерім негізінен нәзік жандыларға арналған. Кішкентай қыздан бастап әжелерге дейін толық қамтылады. Әйел дегеніміз – тіршіліктің қайнар көзі, ерекше күш иесі. Оның бойынан түрлі сезімді табуға болады. Ол өзгерістерге жылдам бейімделеді. Сүрінсе, бірден әсем гүл болып бой түзейді.

Самал Жарымбетова, суретші:

- Көрме қарбаласқа толы әлемдегі нәзіктік пен рухани байлық және кішіпейілдікті танытуға бағытталған. Мұнда жалғыздық, тартымдылық күші мен түрлі сезімдер сабақтастырылған. Бұл негізінен – терең ойға батырып, тепе-теңдік туралы жырлайтын туындылар.

Ерекше көрмені 22 қарашаға дейін тамашалауға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов