Елордада өнердегі әйелдер туралы көрме ашылды

Соңғы онжылдықта өнер әлемінде төңкеріс орын алуда. Нәзік жандылар өз құқықтарын қорғауды талап етіп, дабыл қағуда. Ал өнер әлемі бұл талаптарға мойынсұна бастағандай. Нәзік жанды суретшілердің жұмыстары әлемде көбірек мойындалып, бүгінде көптеген музейлерде қойыла бастады. Осылайша өнерде әйелдердің рөлі айқындала түсті. Өз кезегінде мұны туындыларында қазақстандық және молдовалық суретшілер көрсетуге тырысты.

Елордада «She» атты көрме ашылды. Экспозицияда көркем және графикалық туындылар, сондай-ақ өмірін өнерге арнаған әйелдердің фотосуреттері ұсынылған.

Айта кетейік, бірегей көрме тамыз айының ортасына дейін жалғасады.

Лейла Махат, көрме кураторы:

- Бұл көрме өнердегі әйелдер туралы. Яғни өнердегі әйел әртүрлі формада әрекет етеді. Кейде ол модель ретінде, кейде ол өнерді өзі жасаушы адам ретінде. Көрме халықаралық деңгейде, өз алдына өзгеше, десек те бұл жұмыстар әйел адамның қаншалықты көпбейнелі бола алатынын, оның қаншалықты мықты болса, соншалықты әлсіз бола алатынын көрсетеді. Негізі, әйел адам бойындағы ерекше күшті қайдан алады, оның сыры неде екенін мыңдаған жылдар бойы әлемнің барлық философтары табуға тырысып келеді. Көрме, міне, сол туралы.