Елордада «Ордалы елге отыз жыл» көрмесі ашылды
Тамыры терең тартқан Ұлы даланың түркілері, қағанаттар мен ордалар, Қазақ хандығының би-шешендері мен батырлары, ҰОС қаһармандары,1986 жылғы оқиғаның боздақтары, егеменді елдің елеулі тұлғалары. Ғасырлар бойы ата- бабаларымыз аңсаған азаттық жолындағы күреске шолу. Еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның 30 жылдық мерейтойына орай иллюстративті кітап көрмесі ашылды.
Онда шежірелі ел тарихын түгендеп, бүгінде жер-жаһанға беделді тәуелсіз мемлекеттің жетістіктерін баяндайтын 2 мыңнан аса кітап қойылған. Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгіні барынша кезең-кезеңмен қамтылған тың деректі танымдық көрмені осы жылдың соңына дейін тамашалауға болады.
ОҢАЙ МЫРЗАҒАЛИЕВА, ҚР ҰАК БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
- Көрмеміз екі үлкен бөліктен тұрады. Оны ата-бабамыздың тарихындағы Түрік қағанатынан бастадық. Алтын Орда, Қазақ хандығы, тоталитарлық режим кезеңдегі 70 жыл бойы көрген нәубеттердің бәрін суреттеп келеміз де отыз жылдағы тарихтың өзін белес-белестерге бөлдік. Көрмеміз бір жыл бойы өзекті болып тұрады. Кең ауқымды және көлемді болады және ол өзгертіліп, жаңа әдебиеттермен осы 30 жылдықтың аясында көптеген кітаптар шығарылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов