Діни экстремизмге қарсы күреске жергілікті әкімдіктер тартылады

Халық қалаулыларының пікірінше, қазіргі кезде аталған органдарға діни экстремизмнің салдарымен күресу ғана жүктелген. Оның діни аспектілері заң жүзінде мүлдем қарастырылмаған.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің ойымызша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, оған қарсы ақпараттық жұмыс шараларын да естен шығаруға болмайды деп санаймыз. Осы себепті терроризмге қарсы коммиссия аясында жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру қажет. Ал, терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз.

Мәжілісмендер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қамында осы және өзгеде басымдықтар көзделген жаңа заң жобасын ұсынып отыр. Онда олар қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық нысандар қатарына жатқызу қажет дегенді де алға тартуда. Ал, ел қорғанысы мен қауіпсіздігі үшін тауарлар және қызметтерді сатып алу кезінде тәуекелдерге жол беруге болмайды дейді.  

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылып отыр. Қаралып отырған құжатта қорғаныс-өнеркісібі кешенінің кәсіпорындары жекешеленгеннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар қамтылған.

Мәжіліс өзі бастамашылық еткен заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.