Жаңа оқу жылына ендірілген жаңашылдықтар

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»! Бұдан былай қазақ мектептерінің табалдырығын аттаған оқушы алдымен тек өз ана тілінде білім алады. Орыс тілі пән ретінде екінші сыныптан қосылады. Ал, елдегі орыс тілді мектептер болса, бірінші сыныпта қос тілді қатар алып жүреді. Ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан бастап оқытылады. Бұл – алдағы оқу жылының бағдарламасына енген жаңашылдықтардың бірі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындыларына сәйкес бірінші сынып оқушыларына үш тілді бірден меңгерудің тиімділігі төмен екені анықталды. Осыған орай біз шешім қабылдадық. Екінші, үшінші тілдерді жақсы меңгеру үшін бала алдымен өз ана тілінде оқып және жазып үйренуі тиіс.

Бұған қоса, енді 1 сыныптан еңбек пен бейнелеу өнеріне баулитын сабақтар өткізіле бастайды. Музыка пәнінің шеңберінде 6 сынып оқушылары қаласа, домбырада ойнауға үйреніп, шахмат факультативіне қатыса алады. Білімді әрі жігерлі шәкірт тәрбиелейтін ұстаздардың да сәйкесінше біліктілігі жоғары болғаны абзал. Биылдан білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институты іске қосылды. Мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдаудың да жаңа қағидалары бекітілді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Бұған қоса, педагогтердің ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Яғни, енді педагогикалық білімі бар туралы дипломға қосымша олар өз пәні бойынша арнайы тестілеуден өтіп, ол жөнінде сертификат алғаннан кейін ғана мектепке жұмысқа тұруға мүмкіндік алып отыр.

Министр, оқу жылын 31-ші мамырға дейін ұзартуға қатысты шешімге пікірін білдіріп, оның бірқатар кешенді мәселенің басын қайыруға сеп болатынын тілге тиек етті. Мәселен, 3,6 миллион бала үшін оқу жүктемесі азайды. 1,5 миллионға жуық оқушы мен 150 мыңға тарта ұстаз үшін қосымша 36 демалыс күні пайда болады. 100 шақты  мектептегі 300 мың балаға енді үшінші емес екінші ауысымда оқу мүмкіндігі туады. 

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов