Елордада «Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрме ашылды

Елордада «Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрме ашылды

Ою-өрнектегі тарих сыры. Елордадағы Ұлттық музейде «Өркениеттер тоғысындағы Құлан қаласы» атты көрме ашылды. Онда көне шаһардан табылған суреттер ұсынылған. Сазға басылған әр өрнек ерекше. Олар тарихи мекеннің ғибадатханасын зерттеу барысында жер бетіне шыққан. Мамандардың сөзінше, 8-ші ғасырға тән құнды жәдігерлер бұрын соңды Орталық Азия өңірінде кезікпеген. Бұл бірегей ою-өрнектер соңғы үш жыл бойы қайта жаңғыртылып, қалпына келтірілген. Бүгінде Құлан қаласында түргеш, қарлұқ және қарахандықтар кезеңінің мәдени қабаттары анықталды. Отандық ғалымдар қатпарында әлі де құпиясы ашыла қоймаған талай құндылықтар бар екеніне сенімді. Себебі көрмеге қойылған жәдігерлер қаланың 40 шаршы метрлік бөлігінің тек 40% қазу барысында табылған.

Айта кетейік, тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.

Серік Ақылбек, археолог:

- Шахристанның көлемі 230 метрді алып жатыр. Кейбір бөлігі әлі зерттелген жоқ. Оның сыртын «рабат» бөлігі құрайды, радиусы 1 км. Ал оның сыртында «балат» деген бөлігі бар. Сыртқы қорғанының периметрі 15 км. Сондықтан да бұл қала толық зерттелді деп айта алмаймыз. Құлан қаласы бойынша қазір ғылыми жобалар дайындалып жатыр. Қаланы зерттеуге, музейлендіруге, консервациялауға ЮНЕСКО тарапынан да қаражаттар бөлініп, биыл жұмыстар басталады.

Авторы: Жеңіс Ермұқан