Елордада «Текті өнердің шеңбері» көрмесі ашылды

Мұның бәрі Ұлы Дала халықтарының тамыры терең тартқан тұрмыстық салтынан сыр шертетін жәдігерлер. Бас аяғы 100-ден астам көне бұйым. «Текті өнердің шеңбері» атты көрмедегі жәдігерлердің ең көнесі  сақ мәдениетіне тиесілі. Этнографиялық заттардың басым бөлігі 18 бен 19 ғасырларға тән. Қазақстанның танымал суретшісі әрі қолөнер шебері Сержан Баширов көненің көздерін жинауға 30 жылын сарп еткен. Құр сақтап қана қоймай, оларды хронологиясы мен сәйкестігіне орай біріктіріп, ерекше тарихи композициялар құрған. Мәселен, ағаш пен металды және сүйек пен теріні қосып бірталай жәдігерге заманауи рең қосып жаңа дем берген.  

Сержан Баширов, суретшісі, қолөнер шебері:

- Бұл көрмені бір бірнеше жыл бойы жоспарладық. Шәкірттеріммен бірлескен көрме ұйымдастырамыз деп ұйғарған едік. Енді міне, Алматы, Астанада оқыған 6 түлегіммен сол ойды жүзеге асырдық. Студенттеріме дәстүрлі халық өнерін сіңіруге тырысамын. Оны түсінікті болу үшін заманауи мәнерде жеткізуге бел будым.  Себебі, мен өзім де төл тарих пен түп тамырымызды терең танығым келеді.

Жәзира Жақыбаева, ҚР Ұлтық музейінің өнертану бөлімінің жетекшісі:

- Ол «этно авангард» мәнерінде жұмыс жасайды. Осы стильдің негізін қалаушылардың бірі. Мәселен, оның еңбектерін хронологиялық тұрғыдан қарасақ ғұн, сақ, ортағасырлық және қазақи нақыштар айқын байқалады.  Сонымен қатар, оны тәңірлік мәдениетті қайта жаңғыртушылардың бірі ретінде білеміз. Яғни, оның жұмыстарында спираль, крест пен шексіздік сынды  тәңірлік белгілері жиі кезігеді.