Елімізде ұшақ жөндеу орталығы ашылады

Елімізде ұшақ жөндеу орталығы ашылады

Қазақстан астанасында Орталық Азиядағы алғашқы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда алдымен әскери ұшақтар жөнделетін болады. Ал алдағы уақытта сервистік қызметпен азаматтық авиациядағы әуе кемелерін де қамту жоспарда бар.

Оралбай Мәмбетов, ҚР ИИДМ Қорғаныс өнеркәсіп кешені департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл қызмет көрсету орталығы бүкіл Орталық Азия аймағын қамтиды. Әскери бағыт аясында «Airbus СИ295» ұшағын меңгеріп жатырмыз. Меморандумға сәйкес, «Airbus» компаниясы бұл жерде техникалық аудит жүргізген. Біздегі барлық мүмкіндік талқылануда.

Қызмет көрсету орталығын құру ұшақ жөндеудің күрделі түрлеріне көшуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Өйткені бұрын мұндай жұмыстар Испанияда ғана орындалатын. Отандық мамандарды оқыту мен дайындау да сол мемлекетте жүргізілген еді. Алдағы екі жылда ел ішінде ұшақтарға толық техникалық қызмет көрсетуді игеру жоспарлануда.

Айдар Әнуарбек, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС жобалар басқармасының басшысы:

- Осы үлгідегі ұшақтарда көп жылдар бойы жұмыс істеген тәжірибелі шетелдік мамандар тартылған. Біліктілік пен тәжірибе алмасу да бар. Отандық кәсіпорындарда жөндеу жұмыстарының локализациялау үлесі артып келеді.

Айта кету керек, қорғаныс өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, биыл еліміздің қорғаныс өнеркәсібі Көкшетау қаласында Калашников автоматын шығаруды да жоспарлап отыр.