Елордада ЮНИСЕФ пен Astana Hub арасындағы жоба қорытындыланды

Елордада ЮНИСЕФ пен Astana Hub арасындағы жоба қорытындыланды

«Қолжетімді Қазақстан» платформасы Орталық Азиядағы ең бірінші жаһандық цифрлық қоғамға қажетті жоба ретінде танылды. Арнайы сайт мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға түрлі қоғамдық нысандардың қол жетімділігін көрсетеді. Қазақстандықтар бағалап үлгерген бірегей цифрлық жоба БҰҰ-ЮНИСЕФ балалар қорының және Astana Hub цифрлық технопаркінің бірлескен стартап-бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде қосылды. Ал жобаның түпкі нәтижесі бүгін елордада инклюзивті білім беруді дамыту бойынша тағы бір жобаның таныстырылымы кезінде көпшілікке ұсынылды.

Раушан Ибрашева, БҰҰ балалар қорының инновациялар бойынша үйлестірушісі (ЮНИСЕФ):

– Біз бұл жобаны Қазақстандағы цифрлық қоғамдық қажеттіліктер туралы зерттеу жүргізуден бастадық. Ол зерттеулерді цифрлық денсаулық сақтау, оқыту, баланы ерте жастан дамыту, жұмысқа орналастыру дағдылары және т.б. сияқты бірқатар басым бағыттар бойынша жүргіздік. Содан кейін барып, инклюзия саласындағы, цифрлық дағдылар саласындағы халықаралық сарапшылар мен жергілікті сарапшылардың қатысуымен жобаны, үлкен онлайн-курсты әзірлей бастадық. Бұл курс толығымен онлайн өтті және арнайы жаттықтырушылар пулы дайындалды.

Аталған жаттықтырушылардың бірі - Болат Мырзақұлов. Инклюзивті білім беруді дамыту жобасы аясында оқыған мұғалімдердің 10% -і осы жаттықтырушының жетекшілігімен білім алды.  Сабақтар okoo.kz. платформасында өткізілді. Мұғалімдер озық сандық құралдарды қолдана отырып, балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін үйренді.

Болат Мырзақұлов, Инклюзивті Білім беру бойынша жоба тренері:

– Астана хаб бізге барлық техниканы берді, өздері жинап, бізге үйретті. Бағдарламаны әзірлеп шығарды. Осы жобада жұмыс істеген кезеңде біз Қазақстан және оның аймақтары бойынша 12 мыңнан астам мұғалімді оқытып шығардық. Олар геймификация, кейстермен жұмыс, кейстік оқыту әдісі, топтармен жұмыс сияқты қазіргі заманғы білім беру үдерістерінің дағдыларына оқытылды. Бұл қызықты оқыту процесін жасауға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы әдіснамалар.