Елордада «Жас Сарбаз – патриоттар мекені» әскери-патриоттық дала жиыны өтті

Келешегін әскери өмірмен өргісі келетін өрендер үшін бұл күн ерекше басталды. Ұрандатқан ұландар ертемен сап түзеп алаңға жиналды. Олар алдағы үш күнде өзара үздіктерді анықтап, сынға түседі.

Асхат Налшыбек, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы рқб астана қалалық филиалының төрағасы:
-Жыл сайын күзгі патриоттық дала жиындарын, сонымен қатар ерлік сабақтарын және жасөспірімдер жастар арасында әскери эстафеталарды, күзгі әскери жиындарды ұйымдастырып отырамыз. Бүгінгі жиында 150-ге жуық жас сарбаз, елорданың үздік деп танылған жасөспірімдері қатысып отыр.

Бұл бәсекеде топ жарғандар алдағы республикалық «Айбын» әскери-патриоттық дала жиынына жолдама алады.

Аймерей Полат, қатысушы:
-Бұл жиында біз мектепте алған әскери білімімізді осы жақта шыңдай түсеміз. Мұнда бізге әскери қоршаған ортаны таныстырады. Әрбір жиында өзіміздің ішкі потенциалымызды ашамыз.

Жиын барысында жас сарбаздар әскери өмірді терең тани түседі. Түрлі қару-жарақтар мен техникалардан көрме ұйымдастырылған. Ал әскери ардагер Ғани Асылбекұлы соңғы уақытта бұл салаға бұрымдылардың да қызығушылығы артқанын айтады.

Ғани Асылбекұлы, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
Халқымызда елді қорғауға жерді қорғауға өз үлестерін қосқан қыз-келіншектер көп болған. Мысалы биылдан бастап қыздар да жоғары әскери оқу орындарына түсіп жатыр.

Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әскери-патриоттық тәрбиеге аса мән беріп отыр. Бүкілармиялық кеңестің отырысында «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтеру керек деп тапсырма берген еді.