Елордалық индустриалды парк қарқынды дамып келеді

Елордалық индустриалды парк қарқынды дамып келеді

Елорданың индустриалды паркінде өндіріс көлемі қарқын алып келеді. 2021 жылдың 9 айында арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындары 800 млрд теңгенің өнімін шығарған. Айта кетейік, индустриалды парк бұл көрсеткішке өткен жылы 12 айда қол жеткізген еді.

Бақытжан Досқазиев, «Астана-Технополис» АЭА басқарушы компания» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің өндірушілердің өнімдері әртүрлі елдерге экспортталады. Тек Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан сияқты көрші елдерге ғана емес, Молдоваға да өткен жылы жеткізілім болды. Қазір Түркияға әртүрлі тауарларды жеке-жеке жеткізу бар. Халықаралық нарықта сұранысқа ие тауарларымызды Таиландқа да жеткізіп жатырмыз. Елорда өнеркәсібі айтарлықтай қарқынды дамып келеді.

АЭА аумағы шетелдік инвесторлар үшін ашық. Қазірдің өзінде мұнда шетелдік капитал салымдарының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Инвесторлар әртүрлі елдерден келген. Атап айтсақ, Ресей, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Польша, Венгрия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Африка және АҚШ кәсіпкерлері. Елорданың индустриалды паркі аумағында барлығы 56 зауыт жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 5 жаңа зауыт ашылады.

Бақытжан Досқазиев, «Астана-Технополис» АЭА басқарушы компания» АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы биылғы жылы кеңсе тауарларын шығаратын зауыттар іске қосылды. Біз қолданатын файлдар, папкалар, полиэтиленді оқшаулағыш құбырлар зауыты іске қосылды. Бүгінде бұл кәсіпорындар аймақ үшін де, облыс қажеттіліктері үшін де табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тауарларын экспортқа шығарып жатыр. Қазіргі таңда «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы барлық 13 арнайы экономикалық аймақты қосқанда жалпы өнім көлемінің 75% жуығын өндіреді.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис» сияқты екі арнайы экономикалық аймақ бар. Біріншісі 2002 жылы құрылған және әкімшілік-шаруашылық бөлімнен және индустриялық бөлік – индустриалды парктен тұрады. Екіншісі үш жыл бұрын ғана ашылған. Оның жұмысы ғылымға және оны коммерцияландыруға бағытталған.

Авторы: Әсел Күшенғалиева