Елордалық жастар «Елбасы медалімен» марапатталды
Елордада «Елбасы медалі» жобасы аясында балалар мен жасөспірімдер қола медальмен марапатталды. Аталмыш жоба 2020 жылы Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының бастамасымен бастау алған болатын.
Биылғы жобаға еліміздің барлық өңірінен 10 мыңнан астам қатысушы қатысса, оның 23% ауыл балалары қамтыды. Бағдарламаға спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы сынды 7 негізгі бағытта үздік деп танылған 14-29 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.
Айта кетейік, «Елбасы медалі» белгісінің ерекшелігі үш деңгейден тұрады – қола, күміс және алтын.
Жанат Айтпаева, «Елбасы академиясы» көшбасшылықты дамыту және цифрлық білім беру орталығының басшысы:
- Жобаға 17 мың өтініш түсті, оның ішінде іріктеуден 10 мың бала өтті. Бүкіл қазақстан бойынша қола иегерлері – 3 535 бала. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 120 баланы марапаттау рәсімін өткізіп жатырмыз. Толық нәтиже шыққан соң, күміс иегерлерін шілде айында, алтын иегерлерін желтоқсан айында марапаттаймыз.
Әлинұр Орынбекұлы, «Елбасы медалінің» қола медаль игері:
- Мен бұл жоба барысында өзімді басқа жағымнан ашқан болатынмын. Спортқа деген қабілетімді көрсетіп, ал волонтерлік қызмет барысында мен ініме неміс тілін үйреттім. Өзімнің әдісімді ойлап таптым. Болашағыма үлесі тиеді деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр өңірдің жеңімпаздары сыйларын жергілікті әкімдіктің, білім басқармасының өкілдерінің қолынан ала алады.
Авторы: Ақзер Сегізбай