Емделетін лудомандар есімі құпия сақталады

Емделетін лудомандар есімі құпия сақталады

Бұдан былай мемлекеттік клиникаларда емделетін лудомандардың аты-жөні құпия сақталады. Тиісті кодекс қабылданды. Қазір елімізде лудоман ретінде ресми тіркелген 13-ақ адам бар. Шын мәнінде, бұл дертпен әрбір бесінші адам ауырады.

35 жасар Қуаныш Жүнісов құмар ойынға салынып, бар мүлкінен айырылған. Отбасын ойран еткен де осы әуестік.

Қуаныш Жүнісов:

– Ойын өмірімнің мәніне айналды. Букмекерлік кеңсеге алғаш рет 25 жасымда бардым. Содан тоқтамай 9 жыл ойнадым. Әйел, бала-шағам теріс айналып, үйден кетіп қалды. Жаман жолда жүргенімді бәрін жоғалтқанда ғана түсіндім.

Қазір Қуаныш жеке клиникада емделіп жатыр. 9 жылда құтыла алмаған дертімнен 9 айда айығып келемін дейді. Ал өзін Руслан деп таныстырған бұл жігіт небәрі 25 те. Жасөспірім кезінен бәс тіккен. 

Руслан:

– Қазір қарыздарымды жайлап жауып жатырмын. Емделдім, былай айтсам. Толық курс өттім бес ай. Бәрі жайлап-жайлап жақсы болып келеді.  

Бірақ Қуаныш пен Руслан секілді қатесін түсінгендердің бәрі бірдей ақылы көмекке жүгіне алмайды. Өйткені, жеке реабилитациялық орталықтардан ем алуға кемінде 2 миллион теңге керек.  

Серікгүл Сәли, психолог:

– Емдеу курсы жалпы 8 айдан тұрады. Лудомания ауруы бұл – жалмауыз ауру. Бәрін жалмайды. Лудоман мен енді ауырмаймын дегенімен, ауру оны жеңеді. Біздің алдымыздан айына 100 лудоман өтеді. Соның 98, 99-ына өз-өзіне қол жұмсау туралы ой келген.

Тәжірибелі аддиктолог Дәурен Ассалау құмарлықтан құтылғысы келсе де, шырмауынан шыға алмайтындардың қандай күйде болатынын жақсы біледі. Лудоманиядан ұзақ жыл емделген ол қазір осы дертке шалдыққандарға тегін көмек беріп жүр. 

Дәурен Ассалау, аддиктолог:

– 15 жыл бойы құмар ойындарын ойнадым. Бұдан мамандардың көмегімен құтылдым. Кейін өзім де психологқа оқып, тәуелділіктен арыла алмай жүргендерге қиындықтан шығу жолын көрсете бастадым.

Лудоманияны мемлекеттік клиникалар да тегін емдейді. Қазір олар еліміздің барлық өңірлерінде бар. Бірақ бұларға жылына жалпы саны 20 адам ғана келеді. Ал букмекерлік кеңселердің жұмысы қызып тұр. Былтыр жылдық айналымы 1 триллион теңгеге жеткен. Биылдың өзінде 2 миллион адам онлайн ойыншы ретінде тіркелген. Соның 400 мыңы осы кеңселердің тұрақты клиентіне айналған.

Лудоманияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психикалық сырқаттар санатына қосқалы қашан. Ойынқұмарлық Қазақстанда да былтыр ресми түрде ауру қатарына қосылды. Бірақ дәл қазір елімізде лудоман ретінде тіркелген 13-ақ адам бар.

Нәби Есімов, ҚР ДСМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары:

– Олар неге психиаторға келмейді? Себебі біледі, оны тіркеуге қойып тастайтынын. Тіркеуге қойғаннан кейін ешқандай болашақта жұмысқа тұра алмайды. Сол адамдар саны ойлаңызшы қаншама?! Тым көп қой. Сол себептен қазір консультативті бақылау деген бізден инициативамыз қозғалып отыр.

Демек, бұдан былай мемлекеттік клиникаларда мұндай азаматтардың аты-жөні құпия сақталады. Жақында тиісті кодекс қабылданды. Енді оны ауруханаларда іске асыру тетіктері талқыланып жатыр. Cондай-ақ, Үкімет құмар ойынмен күрестің екі жылдық жоспарын бекітті. Ол үшін жыл сайын кемінде 14 мың онлайн казино мен букмекерлік сайттарды бұғаттайды. Ал лотерея ойындарын жарнамалағандар ең аз дегенде 200 мың айыппұл төлейді.