АТА ЗАҢ: Конституцияға енгізілген негізгі түзетулер туралы сарапшылар пікірі

30 тамыз – еліміздің негізі заңы қабылданған тарихи күн! Биыл Конституцияның ресми бекітілуіне 27 жыл толады. Осы жылдар ішінде құжатқа бірнеше түзетулер енгізілді. Соңғы өзгерістер мен түзетулер биыл маусым айында республикалық референдум өткізілгеннен кейін қабылданғанын айта кеткен жөн.

Арман Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Шын мәнінде түзетулер өте ауқымды көлемде болды. Конституцияның 33 бабына барлығы 56 түзету енгізілді. Бұл Ата заңның үштен бір бөлігі, яғни үлкен бөлшегі десек болады. Конституциялық реформаның негізгі мақсаты - қолданыстағы мемлекеттік модельді жүйелі түрде қайта құру. Яғни, конституциялық түзетулер өте маңызды, себебі ол елде жаңа құқықтық негіз қалыптастырады. Жаңартылған конституция - бұл Президент жариялаған жаңа Қазақстан үшін, екінші республика үшін жаңа құқықтық негіз.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы мәлім еткендей, еліміздің жаңартылған Конституциясы азаматтардың сұрауы бойынша және

қоғам мүддесіне негізделген. Ата заңның өзгерістері мен түзетулері бірінші кезекте тарихи маңызға ие, себебі реформалар – республиканың ауқымды саяси қайта  жаңғыруының ажырамас бөлігі.