Қазақстанда ақылы жолдар саны артады

Қазақстанда жаңа ақылы жолдар пайда болады. Жалпы 2025 жылға дейін 11 мың шақырымда төлем жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында сала министрі Қайырбек Өскенбаев осылай мәлімдеді. Оның дерегінше, қазіргі таңда  ақылы жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымнан асқан. Жыл басынан бері жалпы алымдар көлемі 4 миллиард теңгені құрады. Тарифке келер болсақ, жеңіл автомобильдер 1 шақырым үшін 1 теңге, ал жүк көліктері 25 теңге төлейді. Жалпы еліміз бойынша республикалық желінің 90, ал жергілікті маңыздағы жолдардың 80 проценті нормативтік жағдайға сәйкес келетінін айтты, министр. 2025 жылға қарай олардың үлесін сәйкесінше, 100 және 95 процентке жеткізу жоспарланған.

Қайырбек Өскенбаев,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Республикалық желі бойынша 4 мың шақырым жолда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 3 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеумен қамтылған. Жергілікті желі бойынша жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым автожол қамтылған. Республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 2022 жылға 603 млрд.теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұрын басталған барлық жобаларды аяқтауымыз қажет. Бүгінде еліміздегі автожол саласындағы ондай жобалардың саны 17. Ал іске асырылуы 2024 жылға көзделген 4 мың шақырымды құрайтын жол желісі бар. Жылдың соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 3 мың шақырым жолдағы жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды көздеп отырмыз.