«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом жарыққа шықты
Түркі халықтарының арасында ең көп тараған «Едіге батыр» эпосына – 600 жыл. Мерейтойлы датаға орай елордада тарихи жырға аттас музыкалық альбомның тұсауы кесілді. Күйтабаққа «Едіге батыр» эпосы, Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» сынды дастандар, сондай-ақ ел аузында жүрген бірқатар көне жырлар еніп отыр. 500 данамен шыққан жинақ екі бөлімнен, 10 дыбыстық жазба дискісінен тұрады. Күйтабақтан бөлек, ұлттық фольклорға қатысты тың тарихи мәліметтер келтірілген қосымша кітап та бар. Онда халық ауыз әдебиетінің маржандары, жыраулардың өмірбаяндары қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді.
АЛМАС АЛМАТОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
- «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» деген жоба бүгінгі таңда 42 жыраудың айтуында 60 сағаттық күйтабақ күйінде тұсауы кесіліп жатыр. Бұл бүтін халқымыздың тарихи кезеңдерінен бізге жеткен баян-дастан деп ұғынамыз. Келешегінде дәстүрлі өнер, жыр, ән мамандықтарында оқып жатқан студенттер үшін бұл электронды оқу құралдары. Сондай-ақ жоғары форматта халықтың тұтынуына ыңғайлы жолдары қарастырылады деп ойлаймыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов