Ұлттық музейде Құрманғазыға арналған шығармашылық кеш өтті
Тарихты түгендейтін қара шаңырақ қабырғасында күй атасының өмірі мен шығармашылығына арналған кеш өтті. Біртуар тұлғаның 200 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған шарада елордалық №1 өнер мектебінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Жас домбырашылар халық композиторының кеңге әйгілі «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» мен «Кішкентай» атты туындыларын орындады. Сондай-ақ, Ұлттық музей қорында сақтаулы елге танымал күйшілер ұстаған домбыралар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бибігүл Арыстамбекова, ҚР Ұлтық музейінің бөлім әдіскері:
- Бұл шараның басты мақсаты – күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Күй қазақ халқының асыл қазынасы, бай мұрасы екені белгілі. Құрманғазы өз күйлері арқылы елдің еркіндігі үшін күрескен. Оның шығармаларында еркіндік пен кедейлерді қорғауға қатысты сарындарды айқын аңғаруға болады. Сондықтан бұл мәңгілік тақырыптағы туындылардың тағдыры өшпейді деп санаймын.