Ежелгі мысық Жанкент аумағында қолға үйретілген – археологтар

Ежелгі мысық Жанкент аумағында қолға үйретілген – археологтар

Қазақстандық археологтар сенсациялық мәлімдеме жасады. Сыр бойындағы көне қала Жанкенттің іргесі VII ғасырда қаланған. Бұған дейін оғыз астанасы IX-XI ғасырда салынған деп келген ақпарат қате болып шықты. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің арқасында тарихшылар ежелгі мысық осы тарихи объектінің аумағында алғаш рет қолға үйретілген деген қорытындыға келді.

Болат Жолтаев, Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Қорқыт ата университетіндегі археолог мамандар қаладан мысықтың қолға үйретілгенін тапты. Яғни мысық қолға иттен бұрын үйретілген. Сондықтан осы мәлімет қаланың жасы ерте, оның үлкен екенін дәлелдеп отыр.

Оғыз хандығының астанасы Жанкенттің аумағы ауқымды археологиялық зерттеулер аймағына айналды. Қазба жұмыстары нәтижесінде ғалымдар бірегей олжалар тапқан. Соның нәтижесінде қақпа орны, мұнаралар мен орталық көше және тұрғынжайлар ашылды. Енді жергілікті билік көптеген құпиясы бар бірегей тарихи орынды туризм объектісіне айналдыруға ниетті. Осылайша көне қала орнын аспанастындағы мұражайға айналдырудың алғашқы қадамдары басталды. Мұндағы ерекше қызықты деректер әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшыларды қызықтырары сөзсіз.