Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын сапалы орындау керек
Сұйытылған газды мұнай-химия саласына пайдаланудың стратегиясын бекіту қажет. Өнімді көліктен гөрі өндіріске бөлген тиімдірек. Бүгін Энергетика министрі Үкімет басшысына осындай ұсыныс айтты. Жалпы, елдегі газ өндіру мен өңдеу және өткізу жайы қалай? Премьер-Министр Үкімет отырысында осы мәселеге баса назар аударды.
Ебін тапсаң табыс көп. Елдің газ транзиттік әлеуеті зор. Былтыр Ресей газын Өзбекстанға өткізіп, ортада олжалы болды. 4 млрд текше метрден басталған тасымалды енді жылына 11 млрд-қа дейін жеткізбек. Қырғызстанға асыруды да ойластырып отыр. Биыл аталған екі елден бөлек түрікмен өнімін Қытайға жөнелтпекші. Бірақ, одан түскен пайда инвестициялық жобаларды іске асыруға жетпейді. Ішкі нарықтың газға сұранысын да жаппайды. Өйткені, отандық өнімнің өзіндік құны 33 мың теңге болса, көтерме саудадағы баға шамамен 23 мың. Ал, Үкімет үш жылда газды шығынсыз сатуға ниетті.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
– Газ саласына инвестициялар тарту және тауарлық газдың өзіндік құнына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеу есебімен, газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі. Мәселен, осы жылғы бірінші шілдеден бастап еліміздің ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы қайта қаралып, орта есеппен 14,6%-ға ұлғайды.

