Инфрақұрылымды жаңартуға инвестиция тартылады
Елдің қолданыстағы және жаңадан салынатын инфрақұрылымына қомақты қаржы қажет. Бірақ, бюджетке иек артуға болмайды. Мұндай мәселені дамыған елдер жеке капиталды тарту арқылы шешкен. Бүгін елордада «Astana Finance Days» халықаралық форумы басталды. Осымен 7-ші рет өтіп отыр. 65 елден 3 мыңдай адам қатысады. Біздегі құзырлы органдардың мақсаты орайлы сәтті оңтайлы пайдаланып, жемісті келісімдер жасау.
Президент Жолдауда Ұлттық қордың қаржысы елдің макроэкономикалық тұрақтылығын қамту үшін жұмсалу керек деген. Осы ретте Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров ел алдындағы негізгі міндеттерді атады. Қазақстанның стратегиялық орналасуына және геосаяси жағдайға қарай көлік логистикасын қаржыландыру керек. Сондай-ақ көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында баламалы энергия көздерін көбейту үшін жасыл инфрақұрылымды дамыту маңызды.
Алғашқы қадам жасалды. Биыл халықаралық энергия сертификаттары саудалана бастайды. Бұл баламалы қуат көздерін нарыққа шығаруға және оның айналымы саналатын жасыл қаржыны дамытуға жол ашпақ.

