Ә.Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен кездесті

Ә.Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьерімен кездесті

Былтырдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен аспан асты елі арасындағы тауарайналым үштен бірге дейін ұлғайып, 24 млрд доллардан асып жығылды. Биылғы сауда-саттық динамикасы да жақсы. Жыл басынан алсы-беріс көлемі 21% өскен. Бұндай қарқын жақын арада тараптар алға қойған екіжақты сауда көлемін 40 млрд жолларға дейін жеткізу міндетін орындауға мүмкіндік береді. Еліміздің Үкімет басшысы Шанхайда ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьерімен кездесу барысында осылай деп мәлімдеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Екі мемлекет басшылары арасындағы жеке достық байланыстар біздің өзара ықпалдасуымыздың барлық бағыттарына оң әсерін береді. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен және Сізбен өткен келіссөздері «Алтын 30 жылдықтың» кезекті дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік берді

Соңғы 18 жылда Қазақстанға Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд долларға  жетті. Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 4700-ге жуық бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Әлихан Смайыловтың пікірінше, екі ел арасында 10 қарашадан бастап күшіне енетін визасыз режим өзара іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, инвестициялар көлемін  ұлғайтуға және туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Қытай мен Қазақстан арасында өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

Ли Цян, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері:
- Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді.