Қазақстан Қытайға өнімдер жеткізу жөніндегі келісімдерге қол қойды

Үрімжіде «Қытай – Еуразия: тауарлар және сауда» халықаралық ЭКСПО көрмесі өтті. Оған Қазақстанмен бірге әлемнің 40 елінен 300-ден астам компания қатысты. Көрме орталығында 40 қазақстандық тауар өндірушінің өнімдері ұсынылды. Ұлттық павильон стендінен  қонақтар макарон өнімдерін, кондитерлік тағамдар, бал, жарма мен кебек, сондай-ақ май және май өнімдері  мен тағы да басқа заттарды тамашалай алды. Сарапшылар Қытай нарығы оның ауқымдылығы және қытайлықтардың өз елімізден шығарылатын сапалы және экологиялық таза өнімдерге қызығушылықтарын ескерсек отандық бизнес үшін өте қажет деп санайды.

Көрмеде қазақстандық компаниялар ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Осылайша, май зауыттарының өкілдері аспан асты елінің кәсіпкерлерімен 60 миллион доллардың өнімін жеткізуге келісті. Еске сала кетейік,  бұған дейін майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы Қазақстан алдағы үш жылда Қытайға 300 миллион доллардың өнімін экспорттай алады деп мәлімдеген.