Инсультті 5 минутта анықтайтын ЖИ жүйесі енгізілді
Жасанды интеллект қолдану бойынша нәтижелі кейстердің бірі денсаулық сақтау саласында. Мұнда Cerebra AI деп аталатын платформа қолданылады. Премьер-министрдің орынбасары әрі Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл инсульт қаупін ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл технология компьютерлік томография нәтижесін небәрі 5–10 минутта талдайды. Бұрын бұл процесс жарты сағатқа дейін созылатын. Яғни, жүйе инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатып қана қоймай, оның дәлдігін де арттырады. Айта кетейік, әлемдегі ең инновациялық он жобаның қатарына жататын бағдарламаны отандық мамандар жасаған. Бұл жоба 2018 жылы жасанды интеллект зертханасында қолға алынды. Содан бері 40-қа жуық маман жұмыс істеп, 100 мың дерек негізінде инсультті тез әрі дәл анықтауға нейрондық желілерді үйретті. Бағдарлама үнемі жаңа деректермен жаңарып отырады.

