Ирина Круш Қазақстан шахмат мектебі туралы пікірімен бөлісті

Америкалық гроссмейстер Ирина Круш шахматты Қазақстанның білім беру бағдарламасына енгізу бастамасына оң бағасын берді. «Jibek Joly» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Ирина қазақ шахмат мектебінің дамуы туралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, отандық танымал спортшылардың әлемдік аренадағы табыстары өскелең ұрпаққа жігер беріп, көптеген жас ойыншыларды осы спорт түрімен кәсіби деңгейде айналысуға ынталандырады. Сонымен қатар америкалық қонақ бүгінде шахматшыларға бірінші кезекте қаржылық қолдау қажет екенін де айта кетті. Осы тұрғыда  Қазақстан көп еңбек етіп келеді,- дейді Ирина Круш. Республика білікті мамандарды жоғары деңгейде дайындап қана қоймай, халықаралық матчтарда ойыншыларға қолдау көрсетуде. Осының барлығы елімізді әлемдік шахмат ойындарында көшбасшы  атандырып келеді.

Ирина Круш, америкалық шахматшы, гроссмейстер:

- Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда әйелдер шахматы жақсы дамымаған еді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жақында сіздер өздеріңізді бүкіл әлемге жария еттіңіздер. Алдағы уақытта Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы ұйымдастырылған уақытта жеңіске жететін командалардың ішінде Қазақстанды фаворит деп қарауға болады. Өйткені елде Жансая, Бибісара, Динара сияқты мықты шахматшы қыздарыңыз бар. Олар сөзсіз шахматтың көшбасында тұр. Менің ойымша, Қазақстанда логика мен зияткерлік қабілетін дамытатын ойынның әлеуетін арттыру керек. Мен Қазақстандағы шахматшы қыздарыңызға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілетінін білемін. Бұл өте маңызды.