Қ.Тоқаев елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты

Қ.Тоқаев елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты

Биылдың Алғашқы жартысында елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 трлн теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4% асты. Оның негізгі үлесі шағын және орта бизнеске тиесілі. Қазақстан Президентіне бүгін Астананың инвестициялық  әлеуеті таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бас шаһардың кәсіпорындарын аралауды Индустриялық парктен бастады. Мұнда жалпы инвестиция құны 322 млрд теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан елімізде бірінші орын алады. Бүгінге дейін 6,5 трлн теңгеден астам өнім шығарылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет.

Мемлекет басшысына елорданың жетекші кәсіпорындардың жетістіктері көрсетілді. Бұл аффинажды зауыт, швейцариялық холдингпен бірлескен темір жол көлігін құрастыратын кәсіпорын, лак-бояу жабындарын шығаратын экспорттық компания, респираторлар жинайтын қазақ-түрік компаниясы, сондай-ақ резеңке және пластмассадан бұйымдар жасайтын зауыт.  Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жабындылар мен  қаптау материалдары өнідірісімен танысты. Зауыт импорттық өнімдердің жартысына жуығын алмастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жобаларды жүзеге асыру кезінде жергілікті қамту көлемін арттыру үшін мұндай кәсіпорындарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл өте маңызды кәсіпорын. Елімізге бұндай өндіріс ошағы қажет. Бізге негізгі импорттық материалдарды отандық өнімдерге алмастыру қажет.

Кейін Мемлекет басшысы біріккен өндіріс кешенін аралады. Көпсалалы өндіріс ошағының құрамына кеңсе жиһаздарын, медициналық жабдықтар, модульді құрылыстар және металл конструкцияларын шығаратын 5 кәсіпорын кіреді. Олардың бәрі ортақ жобаны жүзеге асырады. Өнімдерінің сапасы шетелдік баламаларынан еш кем түспейді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев темір-бетон конструкцияларын шығаратын зауытқа барды. Кәсіпорында индустриялық-модульдік құрылыстың инновациялық технологиялары қолданылады. Бұл әдіс ғимарат салу уақытын едәуір қысқартуға, олардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Компания осы технология бойынша жалпы ауданы 200 мың шаршы метрден астам нысандар салып үлгерген.