Қазақстандағы туризм туралы бейнеролик Еуропада 2 басты жүлде алды

Саяхат туралы қазақстандық бейнеролик Португалияда өткен жыл сайынғы ART&TUR халықаралық туристік кинофестивалінде екі бірдей бас жүлдені еншіледі. Онда Ұлы Дала елінің әсем табиғаты мен  тарихи-мәдени нысандары бейнеленген. 2 минуттық бейнетүсірілімде Катар, Бельгия және қазақстандық тревел-блогерлердің Алматы мен киелі Түркістан өңірлеріне жасаған саяхаты көрсетіліп, елімізді жаңа қырынан тануға шақырады.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» баспасөз хатшысы:
-  «Kazakhstan - Like Never Before» ролигі «Үздік елдік ролик» және «Үздік жарнама кампаниясы» санаттарында жеңімпаз атанды. Бұл аталған алаңдағы алғашқы жетістік емес. 2021 жылы фестиваль аясында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы шығарған «Travelstan» бейнеролигі үздік елдік ролик атанды. Ал былтыр  «Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға көзқарасы» коммуникациялық жобасы екінші орынға ие болды.

Айта кетейік, халықаралық қазылар алқасының құрамына кино, туризм, маркетинг және коммуникация саласындағы сарапшылар кірді. Байқауда әлем бойынша жарнамалық кампаниялар, фильмдер, анимациялар, авторлық саяхат бейнероликтері, деректі фильмдер мен веб-құжаттар және телебағдарламалар сияқты бағыттар қамтылды.