Қ. Тоқаев: Қазақстан АҚШ инвесторларын қолдауға дайын
Қазақстан америкалық инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте әлемдік қаржы институттарының басшыларымен кездесуде мәлімдеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздегі инвестициялық климаттың мейлінше қолайлы екенін де жеткізді. Кездесуге қатысушылар әлемдік экономиканы, оның ішінде қаржы нарықтарын дамыту перспективалары туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастық перспективаларына тоқталып, қор активтерін жекешелендіруге байланысты ашылатын қолайлы мүмкіндіктерге тоқталды. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика салаларындағы зор әлеуетін де атап өтті. Сондай-ақ ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған жағдайға баса назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл бизнес пен қаржы институттары үшін нені білдіреді? Нарыққа қолжетімділік пен ашықтықты, жалпы алғанда жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ қаржыгерлерін ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті.