Қ.Тоқаев облыс әкімдерін қабылдады

Қ.Тоқаев облыс әкімдерін қабылдады

Ақмола облысының экономикасының бірқатар саласында оң нәтижелер бар. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңір әкімі баяндады. Марат Ахметжановтың айтуынша, жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 530 млрд теңгені құрады, оның ішінде жеке салымдар 435 миллиард теңгеден асқан. Сондай-ақ, шаруаларды қолдау және қайта өңделген өнім үлесін арттыру шаралары тұрақты түрде қабылдануда.  Жыл басынан бері өсімдік майы, өңделген ет, сүт, май, ірімшік және сүзбе сияқты азық-түлік түрлерін өндіру көрсеткіші өскен. Кездесуде жылыту маусымының барысына да ерекше назар аударылды. Облыс әкімі барлық коммуналдық қызметтің жұмысы қатаң бақылауға алынғанын,  Көкшетау және Степногорск қалаларындағы нысандардың кезең-кезеңімен жаңғыртылғанын жеткізді.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Қосшы қаласы мен Көкшетау қаласының бас жоспарын әзірлеу мәселесін баяндадық. Агломерация төңірегінде жасалып жатқан жұмыстарға көңіл бөлінді. Нақты тапсырмалар берілді. Оың ішінде Ақмола облысындағы ауылшаруашылқ өнімдерін терең өңдеу мәселесі, инвестициялар тарту мәселесі және осы қысқы кезеңдегі халықты жылумен қамту мәселесі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді. Президент апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті. Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы айтылды. Министрлер кабинетінің басшысы еліміздегі энергетикалық инфрақұрылымдағы бұзылу жағдайларын қоспағанда, жалпы ахуал бақылауда екенін, тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыс әкімдеріне жеке-жеке жауапкершілік жүктеді.