Каспий құбыр консорциумындағы айлақ құрылғыларының бірі іске қосылады
Каспий құбыр консорциумындағы істен шыққан айлақ құрылғыларының бірі қалпына келтіріледі. Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді. Соның арқасында мұнай тасымалдауды біршама тұрақтандыру мүмкін болады. Қалған екі айлақ 2-3 аптада жөндеуден өткізілмек.
Естеріңізге салайық, Қара теңіздегі дауылдың салдарынан консорциумның нөмірі 3-ші айлағында апат болып, ондағы құрылғыдан ақау табылған еді. Зерттеу жүргізу үшін сарапшылар бүкіл 3 айлақтың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Еліміздің кен орындары бірнеше күн резервуарлық паркке жұмыс істей алады. Егер Новороссийск портында айлақ құрылығысын жөндеу ұзаққа созылса, 3 ірі кен орнында мұнай өндірісі айтарлықтай азаяды. Біз Каспий құбыр консорциумындағы әріптестерімізбен сөйлесіп, айлақтың бірі іске қосылатынын білдік. Енді алдағы 2-3 аптада қалған құрылғылар да жұмысын бастайды деген сенімдеміз.