Катонқарағай даласының саумалы
Өр Алтайдың төрінен, Мұзтаудың етегінен орын тепкен Катонқарағай. Бұл өңір үйрек ұшып, қаз қонған суларымен, жайқалған жасыл орманымен, кермарал кербұғысымен, шипалы Рахман қайнарымен, асау Бұқтырмасымен ел-жұртқа танымал. Әрине мұндай табиғатта төрт түлікті көбейтіп, қызығын көрмеу қателік болар. Жергілікті халықтың негізгі кәсібі де осы. Мұнда малдың қай түрі болсын, кәсіптің қай қыры болсын барлығына дәстүрлі әдісті қолданады. Алып қалалар маңындағы шаруашылықтар сияқты мұнда адам қолының күшін қажет етпейтін автоматтандырылған құрылғылар жоқ. Яғни сиырын ауыл келіндері өздері сауып, көктем шыға биесін байлап, тіпті шөптің өзін трактор емес шалғымен шабады.
Қазақы қасиеті сақталған ауылдың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін бағдарлама жүргізушісі Самат Толықбай Катонқарағай даласына аттанады. Ол онда бие байлау салтын үйреніп, бие сүтін сауып, қымыз пісірудің әдісін көріп қайтады. Ендеше, сіз де бірге аттанып, барлық қызықтан қалып қоймаңыз.