Қауіпсіз қоғам құру – басты міндет

Қауіпсіз қоғам құру – басты міндет

Ата-ана әскерге кеткен баласына алаңдамауы қажет. Сондықтан Президент сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ең алдымен, армия және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты деді. Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін де атап өтті. Расында соңғы уақытта отан қорғаймын деп опық жеп қайтып жатқандар көп. Дені денсаулығынан айырылып, жүріп-тұрудан қалған. Тіпті, қайғылы оқиғамен аяқталған жағдайлар да кездеседі. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әскерге барған азамат өсуді-өнуді қалап барады ғой. Меніңше, Мемлекет басшысының бұл мәселеге ден салуы, әскери органдардағы реформаға алып келеді деп ойлаймын.  

Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Үкімет осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдады. Бірақ Президент: «Нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Сондықтан құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алып, есірткі мәселесі ушығып барады», – деді. 

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды.