Қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетілді

Қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетілді

Шымкентке биыл 928 млрд теңге инвестиция тартылып, қала бюждеті 122 млрд-қа көбейді. Бұл туралы шаһар әкімі Республика күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді. Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың дені қарапайым жұмысшылар, мұғалімдер мен дәрігерлер, сондай-ақ мәдениет пен спорт саласының өкілдері де бар.

Биыл қалада ауыз толтырып айтатын жетістік көп. Инвестиция көлемі артып, бюджет толықты. Әр салада әжептәуір өсім бар. Алдағы жоспарлар да ауқымды. 2028 жылға дейін 220 инвестициялық жоба жүзеге асып, 29 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

– Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға өсті. Қаланың бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 122 миллиардқа артып, 779 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның 50% әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды, себебі халық атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көруі тиіс.

Салтанатты жиында қоғам қайраткерлері мен әр саланың үздіктеріне құрмет көрсетілді. Кәсіби міндеттерін адал атқарып, қоғамның дамуына үлес қосқандарға «Парасат», «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. 

Шалатай Мырзахметов, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері:

– Қазақ дейтін ұлы халық, үлкендерді ұлықтап, аталарды сыйлап, үлкендерге қызмет жасауға ұмтылатын қазақтың сондай бір күшті рухы  соның бір көрінісі. Бұл бүкіл осы оңтүстіктің Шымкент қаласында өмір сүріп жатқан елдің бірлігіне елдің ынтымағына жастардың жарқын  өсуіне батагөй болып жүрген ақсақалдардың ниетіне беріліп жатқан «Парасат» ордені деп есептеймін. 

Мерекелік жиында қатысушылар жергілікті өнерпаздар өздерінің патриоттық қойылымдарын ұсынды. Ұлттық ән мен күмбірлеген күй салтанатты іс-шараның шырайын кіргізді.