Қ.Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті

Қ.Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан астанасында әріптесі Владимир Путинмен кездесуінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келетінін атап өтті.  Еске салайық, Мемлекет басшысы Қазан қаласына «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысу үшін барған болатын. Қазақстан Президенті күрделі жағдайларға қарамастан Ресей экономикасы таңқаларлық табысқа қол жеткізгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бұл біздің ынтымақтастығымызға және Сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар.

Өз кезегінде Владимир Путин Ресей тарапының Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі күшейтуге пейілді екенін растады. Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Татнефть» бас директоры Наиль Маганов бірлескен жобалардың әлеуеті туралы  мәлімет берді. Әңгіме Атырау өңірінде мұнай-газ химиясы саласындағы жүзеге асырылып жатқан стратегиялық инвестициялық жоба төңірегінде өрбіді. Сондай-ақ ресейлік компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен Қазақстанның батысында көмірсутегі қорларын барлау және өндіру аясында ынтымақтастық орнатқан. Бұдан бөлек, «Татнефть» қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысып жатыр.