Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Бюрократияны тоқтатып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету аса маңызды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деп мәлімдеді. Айта кету керек бұл – биылғы министрлер кабинетінің жаңа басшысы Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен алғашқы бас қосуы. Қасым-Жомарт Тоқаев құрамы жаңарған Үкіметке 2029 жылға қарай ел экономикасын 450 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырды. Ол үшін жалпы ішкі өнім жыл сайын кемінде 6% өсуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді.

Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек. Бұл жүзеге асырылуы тиіс міндеттердің шағын бөлігі ғана. Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, әзірленіп жатқан жаңа салық кодексі инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Сонымен қатар Президенттің айтуынша, Салық жүйесін толық цифрландыру және Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 -  Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық. Жаңарған салық және бюджет заңнамасы мен жариялаған жаңа экономикалық саясаттың берік тұғырына айналуы керек.

Президент инвестиция тарту және инвесторлар мен бизнесті кешенді қолдау, заңсыз алынған активтерді қайтару, мемлекеттік сатып алулар мен жекеменшік әріптестік, инфляцияны бақылау, экономиканы цифрландыру және әлеуметтік саланы қолдау мәселелерін де назарсыз қалдырмады. Әр саланың дамуына жеке-жеке тоқталды. Оның ішінде құрылыс индустриясын реттеу, квазимемлекеттік секторды реформалау,ө неркәсіп, автомобиль, агроөндірістік кешендерін дамыту, индустриалдық өндіріс ошақтары мен коммуналдық-энергетикалық бағыттарды жаңғырту, су қорын тиімді пайдалану, сондай-ақ елдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру бар.