«Заман бір орында тұрмайды» - Президент референдум өткізудің мәнісін түсіндірді
«1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы жалпы республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдаудың мәнін тағы бір мәрте түсіндіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Президент дауыс беруге Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесіне келген болатын. Қазақ журналистерімен қатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де сұрақ қоюға мүмкіндік жасалды. Президенттің айтуынша, жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қорғайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын.
Президент Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты пікір білдірді
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Қазақстан кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге бейіл. Бұл – біздің негізгі ұстанымымыз, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым.

