Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді

Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді

2024-ші жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Енді алдағы үш жыл қатарынан еліміз аталған ұйымды басқарады. Осы уақыт ішінде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ қаржы институттарымен су қоймасының экологиялық мәселелерін шешуде ынтымақтастықты тереңдетуді көздеп отыр.

Яғни елдер бір мүддеге ұйып Аралды сақтаумен қатар, жалпы өңірдің қоршаған ортасын қалпына келтіру, ондағы әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған бірлескен экологиялық және ғылыми-тәжірибелік бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады. Еске салайық, қор 30 жылда Арал теңізінің тіршілігін жандандыру қамында 3 кешенді бағдарлама мен 400-ге тарта жобаны қолға алған. Олардың 80% сәтті ендіріліп, тиімді жұмыс жасап келеді.

Марат Нарбаев, Су ресурстары департаментінің басшысы

- Әрине ауқымды шараларға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан мен Өзбекстан белсенді қатысты. Яғни барлық 5 елде өзінің сүбелі үлесін қосты. Ал төртінші бағдарлама оған дейін жүзеге асырылған жобалардың кемшіліктері барынша ескеріліп құрылды. Біз оның өңірлік деңгейіне басымдық бердік.  

Айта кетерлік жайт, Қазақстан Дүниежүзілік банкпен бірге Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр. Еліміз төрағалық ету барысында су-энергетикалық консорциум құруға ниетті. Бұның мақсаты – елдеріміз біртұтас энергетикалық жүйе мен мемлекетаралық су комиссиясына ынтымақтасу. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Орталық Азия өңірінің энергетика және су көздеріне қатысты ортақ мәселелерін жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Мүсілім Жиенбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі департаментінің директоры:

- 2021 жылы 4-ші бағдарлама қабылданды. Ондағы жобалар 4 бағыт бойынша шоғырланған. Бұл су ресурстарын пайдалану кешені, экологиялық бағыт, әлеуметтік-экономикалық және ынтымақтастықты жетілдіре түсу. Бұл бағдарламаға 24 өңірлік және 34 ұлттық жоба кіреді. Төрағалық ету кезеңінде Қазақстан бұл қолға алынған жұмыстардың дер кезінде және сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық күш-жігерін жұмсады.