Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика саласында ынтымақтастықты дамытады

Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика саласында ынтымақтастықты дамытады

Қазақстан мен Сауд Арабиясы жел электр станциясын салады. Бірлескен жобаны іске асыру туралы келісімге қос тараптың үкіметтері  қол қойды. Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы салынады деп күтілуде. Ақордада Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрін қабылдады. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-сауд қатынастарының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтіп, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен арадағы уағдаластықтар барлық секторда екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін бергенін еске салды. Өз кезегінде Абдулазиз бен Салман Әл Сауд құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

-Сіздің сапарыңызды екі мемлекет арасындағы достық пен тығыз байланыстардың айқын көрінісі ретінде қарастырамыз. Мен сіздің ғажайып еліңізге жасаған сапардан естен кетпес әсер алдым. Сапар, шын мәнінде, табысты болды. Біз көптеген мәселе бойынша, әсіресе, энергетика секілді маңызды салада ынтымақтастық орнату туралы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Екіжақты қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Өзара ынтымақтастығымыз стратегиялық сипатқа ие. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Жоғары Мәртебелі Мұхаммед бен Салманға ізгі тілегімді жолдағым келеді.